Атырау облысында жыл басынан бері көкжөтелдің 144 жағдайы тіркелген
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында көкжөтелдің таралу дерегі көбейген. Жыл басынан бері бұл дерттің 144 жағдайы тіркеліп отыр.
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың мәліметінше, оның басым бөлігі Атырау қаласында тіркелген.
«Көкжөтел — жұқпалы инфекциялық дерт. Оны Bordetella pertussis бактериясы қоздырады. Бұл ауру әсіресе, балалар үшін қауіпті болуы мүмкін. Жыл басынан бері аймақта көкжөтелдің 144 жағдайының тіркелуі инфекцияның таралу қарқыны жоғары екенін көрсетеді. Көкжөтелден қорғанудың ең тиімді әдістерінің бірі — вакцина салдыру. Вакцинаны тұрақты алған адамда жұқпалы аурулардың жұғу қаупі төмен болады. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда жеке гигиена шараларын сақтауға мән беру қажет. Бұл да аурудың таралуын төмендетуге ықпал етеді», — дейді Алтынгүл Аймұратова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 9 айда 231 адам туберкулез дертін жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау облысында бұрын ауырған науқастармен қарым-қатынаста болған 1 430 адам тексерілген. Өкпесі ауыратын науқастармен байланыс орнатқандардың арасында 73 бала, 650 жасөспірім, 707 ересек адам болған.
Сондай-ақ, қауіп-қатер тобына жататын 3 мыңға жуық адам бақылаудан өткен.