Атырау облысында жыл басынан бері өрттен 11 адам мерт болған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері 188 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттің салдарынан 11 адам мерт болған.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллиннің мәліметінше, осы кезге дейін өрттің алдын алу үшін 988 рейдтік іс-шара өткізілген.
«Жыл басынан бері облыстың аумағында 188 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттің салдарынан 11 адам мерт болды. Ал 9 адам түрлі жарақат алды. Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғандарға 377 әкімшілік іс қозғалды. Материалдық шығын көлемі 7 миллион 338 мың теңге», - деп хабарлады Бағдат Абдуллин.
Оның дерегіне сүйенсек, өрт оқиғасының алдын алу іс-шаралары өткізіліп, 79 433 адамға сақтық шаралары туралы жадынама таратылған. Өрт оқиғасына байланысты 286 тұрғынға ескерту берілген. Ал, 91 азаматқа 3 млн 452 мың 560 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының пікірінше, жалынның тұтануына бірнеше себеп әсер етеді. Соның бірі – балалардың сіріңкемен ойнауы. Мәселен, бүгін, 19 тамызда Атырау қаласындағы Химиктер кенті шағын ауданында жеке иеліктегі тұрғын үй өртенді. Бұл туралы сағат 12:52-де хабар берілген.
«Өрт сөндірушілер шақырту жедел жетіп, тұрғын үйдегі төбе жабындысының өртенгенін анықтады. Жалын 13:21-де оқшауланып, 10 минуттан соң толық сөндірілді. Өрттің салдарынан 1984 жылғы әйелдің қолын күйік шалды. Оған апаттық медицина орталығының қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Кейін зардап шеккен тұрғын облыстық ауруханаға жеткізілді. Тұрғын үйдегі өрт кәмелетке толмаған балалардың сіріңкемен ойнауынан тұтанған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 11 өрт сөндіруші, апаттық медицина орталығынан 3 қызметкер, 4 техника тартылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жаз басталғалы суға батқан 9 адамның төртеуі бала екенін жазған едік.