Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 11 адам мерт болды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері 50 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жжол апатынан 11 адам жантәсілім еткен. 

Жол апаты
Фото: Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 ақпаннан бері тәртіп сақшылары «Кибер-Шериф» борттық ақпараттық бағдарламасы бар 28 көлікпен жол қозғалысы ережесінің сақталуына бақылау жасайды.

«Аталған құрылғымен 1 ай 18 күнде жылдамдықты шамадан тыс асырған 16 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Ал, 1 наурыздан бері республикалық маңызы бар тас жолдарда 15 «Трафик-Сканер», 8 «Оракуль-Инсайт» жылдамдық өлшейтін құралдары іске қосылды. Көлік жылдамдығын автоматты түрде анықтайтын Трафик-Сканер құралы жол апаты жиі болуы мүмкін 15 орында орнатылған. Құрылғыларды бұзып кетпеу үшін қосымша бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылды. Ал, арнайы көліктің салонындағы «Оракуль-Инсайт» құрылғысы құқық бұзушылықты жасырын түрде анықтауға арналған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Алайда, өңірде жол-көлік оқиғасы әлі азаймай отыр. Мәселен, биыл жыл басынан бері 50 жол-көлік оқиғасын тіркелген.

«Атырау облысының аумағында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 11 адам қаза тапты. Ал, 56 адам түрлі дене жарақатын алып, зардап шекті. Атырау қаласының аумағында тек наурыз айында 2 ірі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам көз жұмды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көпір үстіндегі жол апатынан 4 адам көз жұмғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар