Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 5 жасөспірім көз жұмған
Атырау облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қауіпсіздігін қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция капитаны Айбек Әлімовтің айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 102 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Атырау облысының аумағында жол апатының салдарынан зардап шеккен жасөспірімдер азаймай отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 5 жасөспірім көз жұмды. Ал, 124 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алды», - дейді Айбек Әлімов.
Оның дерегіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасына себепкер болатын жасөспірімдер бар. Олардың кінәсінен тіркелген 17 жол апатынан 3 жеткіншек мерт болған. Ал, 19 жасөспірім дене жарақатының салдарынан зардап шеккен.
«Мәселен, 27 шілдеде сағат 21:00 шамасында Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында 2010 жылғы жасөспірім мотоциклдің рульіне ие бола алмай, түйеге соқтығысты. Соның салдарынан жасөспірім оқиға орнында қаза тапты. Ал, 22 тамызда Атырау қаласының Көктем шағын ауданы тұсында 2008 жылғы жасөспірім Hyundai автокөлігімен велосипед тізгіндеген адамды қағып кетті. Жол-көлік оқиғасынан 8 жасар бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», - деп мәлім етті Айбек Әлімов.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып отыр.
«Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолдан өту ережесін бұзбауы қажет. Алдағы аптада жаңа оқу жылы басталады. Демек, оқушылар мектепке бару үшін жолға шығады. Осы кезде әр ата-ана балаларына жолда жүру, арнайы жолақтан өту ережесін ескерткені жөн. Жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, оқушыларды жолақтан өткізіп жіберуі керек», - деді Айбек Әлімов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда электрлі көлік жүргізушілері 7 айда 930 мәрте жол ережесін бұзғанын жазған едік.