Атырау облысында жоғалып кеткен үш адам әлі табылған жоқ

Атырау облысында 9 қаңтарда хабар-ошарсыз кеткен үш адамды іздеу әлі жалғасып жатыр. Күндіз оларды іздеуге тікұшақ тартылған еді, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысында жоғалған үшеу
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы жоғалған үш жігіттің әлі табылмағанын мәлім етті.

«Жоғалған жігіттерді іздестіру үшін 10 қаңтарда сағат 13:26–да „ҚазАвиаҚұтқару“ АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылған еді. Тікұшақпен 5 сағат бойы әуеден барлау жүргізілді. Кешкі сағат 17:00–де әуеден іздеу тоқтатылып, тікұшақ кері қонды. Жоғалған үш адам әлі табылмады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Үш жігіт 9 қаңтарда сағат 11:00 шамасында Мақат ауданының Доссор кентінен Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына қарай жолға шыққан.

Олардан содан бері еш дерек жоқ.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жоғалғандарды автокөлікпен іздестіруді жалғастырып жатыр.

Дәл қазіргі уақытта құтқарушылар 3 топқа бөлінген. Әәр топта 7-8 құтқарушы бар. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 5 техника тартылған.

Қызылқоға аудандық полиция бөлімі жоғалған жігіттер туралы деректер жазылған бағыттама таратты.

Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге полиция қызметкерлері мен еріктілер қосылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жоғалған үш адамды іздеуге тікұшақ тартылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар