Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау облысында жол апатынан бір адам мерт болып, төртеуі ауруханаға жеткізілді

Атыраудан Орал қаласына қатынайтын жолда екі көлік соқтығысып, бір жолаушы көз жұмды. Ал бір жүргізуші мен 3 жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform. 

Атырау облысы
Фото: Kazinform

Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 25 желтоқсанда тіркелген.

«Жергілікті уақытпен күндізгі сағат 10:30 шамасында «Атырау-Орал» республикалық тас жолында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – LADA Granta, ал екіншісі – Škoda Octavia. Жол апатынан LADA Granta автокөлігіндегі 1990 жылғы жолаушы оқиға орнында жантәсілім етті. Škoda Octavia автокөлігінің жүргізушісімен 3 жолаушы түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері жол-көлік апатының себебін анықтап, тиісті іс-құжаттар жинақтап жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 5 сағат бұрын полицейден ескерту алған жүргізуші адам өліміне себепші болғанын хабарлаған едік.

Toyota Avalon автокөлігінің 1999 жылғы жүргізушісі 5 сағаттан кейін жол апатын жасаған. Сөйтіп, ВАЗ-2114 автокөлігінің 1988 жылғы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмуына себепкер болған.

Сондай-ақ Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 89 адам мерт болғанын хабарлаған едік.