Атырау облысында жолдағы малдан болатын апаттар екі есе артқан
АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды прокуратура.
2025 жылы ауданда ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен 7 жол-көлік оқиғасы болып, 2 адам қаза тапқан және 14 адам жарақат алған. Ал биыл 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тауып, тағы 2 адам жарақаттанды.
– Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Махамбет ауданы прокуратурасының бастамасымен жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жұмыс тобы автомобиль жолдарының қауіпті учаскелерін тексеріп, қосымша 6 интерактивті ескерту жол белгісін орнатты.
Сонымен қатар профилактикалық шара аясында ауыл шаруашылығы жануарларына жарық шағылыстыратын 300 таспа тағу қолға алынды. Мұндай таспалар жүргізушілерге қараңғы уақытта және көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда жануарларды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.
– Махамбет ауданы прокуратурасы ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін жануарларды қараусыз жайылымға жібермеуге, автомобиль жолдарының бойында, ортақ пайдаланылатын жерлерде және су қорғау аймақтарында жаюға жол бермеуге, сондай-ақ жануарларды сәйкестендіріп, міндетті ветеринариялық рәсімдерден уақытылы өткізуге шақырады, – деп атап өтті ведомстводан.
Айта кетейік, Алматыда екі күнде жол ережесін бұзудың 3 мың дерегі тіркелді.