Атырау облысында ЖРВИ жұқтырғандардың 64 пайызы – 14 жасқа толмаған балалар
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында былтырғы 1 қазаннан жіті респираторлық вирусты инфекцияның 66 мыңға жуық жағдайы тіркеліп отыр.
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Айкөркем Нұрғалиеваның айтуына қарағанда, бұл 2023 жылдың соңғы 3 айындағы көрсеткіштен аз.
– Жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандардың 64 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал 1 жасқа дейінгі сәбилердің үлесі 3 пайызды құрап отыр. Аталған вирусты 500-ден аса жүкті әйел жұқтырған, -деп хабарлады Айкөркем Нұрғалиева.
Оның пікірінше, ЖРВИ мен тұмау ауруының белгілері байқалса, дәрігерге жүгінген жөн.
– Аурудың негізгілері белгілері жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы пен мұрынның бітелуінен байқалады. Мұндай жағдайда науқастарға өзін-өзі емдеуге болмайды. Тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігердің көмегіне жүгіну қажет, -деп мәлім етті Айкөркем Нұрғалиева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау фельдшерлері жүкті әйелді үйінде босандырып, егіздің өмірін сақтап қалғанын хабарлаған едік.