Атырау облысында жүк көліктері 30 тоннаға дейін артық салмақпен жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Индер бағытындағы трассада жүк көліктерінің 30 тоннаға дейін артық салмақпен жүр.

Жүк көлігі
Фото: Көлік министрлігі

Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Батырбек Нұрбайұлының айтуынша, жүк көліктерінің жүргізушілері ауыр жүк тасымалдау талабын сақтамайды. 

«Ауыр жүк көліктерге 25 тоннаға дейін жүк тасымалдауға рұқсат етілген. Егер қосымша тіркемесі болса, барлық жүктің салмағы 40 тоннадан аспауы қажет. Бірақ, жүк көліктерінің жүргізушілері бұл талапты сақтамайды. Жылжымалы бекеттің көмегімен бір күнде 6 «КамАЗ» көлігіндегі жүк салмағын өлшедік. Сол кезде жүк көліктерінде шекті мөлшерден артық жүк тиелгені анықталды. Қос тіркемесі бар жүк көлігінде артық жүктің салмағы 6 тоннаны құрады. Кей көліктерге 30 тоннаға дейін артық жүк тиелген», -дейді Батырбек Нұрбайұлы. 

Оның дерегіне сүйенсек, жүк көліктерінің иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабының, 6 және 9-шы тармағымен хаттамалар толтырылған. Артық жүк тасымалдаған жүргізушінің біріне 479 мың 960 теңге айыппұл салынған. 

Ал, Индер аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Шапағат Ғаббасовтың айтуына қарағанда, карьерден инертті материалдар тасымалдайтын кәсіпкерлерге талапты күшейтілгелі отыр.

«Кәсіпкерлерге ауыр жүк көліктеріне инертті материалдар шекті мөлшерден артық тиелмеуі қажет. Бұған жол бермеу үшін кәсіпкердердің өзінде ауыр жүк көліктеріне тиелген соң салмақты өлшейтін құрал болуы қажет. Осы талапты сақтау жөнінде кәсіпкерлерге түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірақ, олар бұл талапты тиісті деңгейде орындамай отыр. Сондықтан, алдағы уақытта рейдттік іс-шараны ұдайы өткіземіз», -дейді Шапағат Ғаббасов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда су тасқынынан бүлінген 25,6 шақырым жол мен 6 көпір жөнделіп жатқанын хабарлаған едік.