Атырау облысындағы инвестициялық жобалардың сметалық құны өскен

үй
Фото: Pexels

АТЫРАУ. KAZINFORM – Соңғы үш жылда Атырау облысындағы бірнеше инвестициялық жобаның сметалық құны өскен. Бұл құрылыс нысандарының мерзімінде аяқталмауына себеп болуы мүмкін. 

Парламент Сенатының депутаты Әлібек Нәутиевтің айтуынша, 2021-2024 жылдары аралығында Атырау облысы бойынша бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері бастапқы құны 266,5 млрд теңгені құрайтын 148 инвестициялық жобаға түзетуге енгізілген.

«Бұл жобалардың сметалық құны 409,2 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Өсім 142,6 млрд теңгеден асады. Бұл сметалық құнның өсімін жергілікті бюджет есебінен жабу керек болып отыр. Жоба құнының бастапқы бекітілген құнынан 2 немесе одан да көп есе өскені кездеседі. Бюджет кодексінің 46-бабына сәйкес бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын ұлғайтуға байланысты шығыстар тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көзделген. Мұндай жағдайда жергілікті бюджетке орасан зор жүктеме түседі», - дейді Әлібек Нәутиев.

Сенатор Үкімет басшысына жергілікті бюджеттің шектеулі екенін ескере отырып, республикалық бюджеттен түзетулердің ұлғайтылған сомасын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.

«Инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаю мәселесі тек Атырау облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де шешілмей отыр. Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексінің жобасына осы мәселені шешуге бағытталған ережелерді енгізу қажет. Егер жобалар республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылатын болса, жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге арналған шығыстарды қаржыландыру туралы бапты Бюджет кодексінен алып тастау керек», - дейді Әлібек Нәутиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылатынын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар
telegram