Атырау облысындағы қорғандардан Сармат дәуірінің алтыны табылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының аумағында 500-ге жуық сармат обасы бар. Ал соңғы 2 жылда Қызылқоға ауданындағы қорымдардан Сармат дәуіріндегі алтын бұйымдар, қола мен темірден жасалған қарулар табылған.

Қорғандар жасырған құпия
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған археологиялық экспедиция жетекшісі Марат Қасеновтің айтуынша, 2005 жылы Қызылқоға ауданының аумағындағы Қарабау-2 қорғаны анықталған. Қорғанға қазба жұмысын жүргізуге музейдің 5 қызметкер мен 20 жұмысшы қатысқан. Зерттеу жүргізу үшін Астана мен Алматы қаласынан антропологтар шақырылған.

– Бұл қорған кезінде Қызылқоға ауданының орталығы болған Қарабау ауылынан солтүстікке қарай 10 шақырымда орналасқан. Қорғанның диаметрі – 70, биіктігі – 3 метр. Соңғы 2 жылда қорғанға жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 қабір зерттелді. Оның ішінде 7 қабірдің тоналмағаны анықталды. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қабірлерден түрлі әшекей бұйым мен заттар, қару-жарақтар мен керамикадан, сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Кейбір қабірде мәйіттерді топтап жерленгені анықталды, -дейді Марат Қасенов.

Оның пікірінше, табылған әшекейлер, пайдаланылған бұйымдар мен қару-жарақтарға сәйкес қабірлерді патшалық обалар деуге болады.
«Ғалымдар осыған дейін біздің аймақты Сармат империясының шеті деген тоқтам жасаған еді. Біз жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Каспий ойпатын, Жайық, Жем өзенінің маңын кезінде үлкен империяның орны деуге негіз бар. Қорғаннан табылған жәдігердің саны 1 мыңға жуықтайды. Оның жүзге жуығы – алтын әшекей мен зергерлік бұйым. Мұндай бұйымдар аң стилі нұсқасында жасалған. Сол дәуірде өңірді мекендеген барыс, қабан, жолбарыс секілді жыртқыштар мен киіктің бейнесін табылған заттардан байқауға болады. Осы зерттеу жұмысының аясында бұрын кездеспеген ағаштан жасалған қос тостаған жақсы күйде сақталыпты. Қазір жәдігердің бәріне реставрация жасалып жатыр, -дейді Марат Қасенов.

Ең ауыр жәдігер – алтын білезік
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология-ғылыми зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаевтың дерегіне қарағанда, Қызылқоға ауданында тағы 2 қорған қазылған. Бұл – Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғаны. Екеуі де Қарабау ауылының солтүстік-батыс бөлігінде 9,7 шақырымда қашықта орналасқан. Қорғандардың әрқайсысынан 10-15 қабір анықталған.

– Сарматтар тәңірлік діни көзқарасты ұстанатындықтан, қолданған бұйымдары, заттары мен қару-жарақтарымен бірге жерленген. Қос қорғанды зерттеу кезінде қасқыр мен ақбөкеннің бейнесі бар күміс пиктограмма, зергерлік, тұрмыстық бұйымдар, темір мен қоладан жасалған қару-жарақтар секілді жәдігерлер табылды, -дейді Ғаламат Базарбаев.
Оның айтуына қарағанда, Қарабау-2 қорғанынан алтын тұтқасы бар 2 сынама тас табылыпты. Бұл – елімізде бұрын кездеспеген бұйым.

– Бұрын сарматтар алтынның сапасын осы тас арқылы анықтап отырған. Қазір осындай тасты алтын сатып алумен айналысатындар пайдаланады. Жерлеу орындарынан адамның киіміне тағылған алтын жапсырмалар да табылды. Сондай жапсырманың салмағы 2 граммнан басталады. Ең ауыры – алтын білезі. Екі жағында тау барысы бейнелеген білезіктің салмағы шамамен 370 граммды құрайды, -дейді Ғаламат Базарбаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы жоталардан 50 млн жыл бұрынғы акуланың тістері табылғанын жазған едік.