Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында жөндеу жұмысы аяқталған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында жөндеу жұмысы аяқталған. Жөндеу жұмыстары былтыр басталған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Жылыой ауданында орналасқан кен орнындағы жөндеу жұмысын 15 қаңтарда аяқтау жоспарланған. Алайда жөндеу белгіленген мерзімінен бұрын сәтті аяқталған.
– Қазір кен қойнауын пайдаланушының мәліметінше, іске қосуға дайындық жүріп жатыр, -делінген ақпаратында.
Ал «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кен орнындағы нысандарға техникалық күтім жүргізілген.
– Жөндеу жұмысы қауіпсіз және сенімді өндірістік қызметті қамтамасыз ету үшін қолға алынған. Компания нысандардағы жабдықтарға қажетті техникалық күтім жұмыстарын жүргізеді. Каспий құбыр консорциумы желісі арқылы мұнай тасымалдау үздіксіз режимде жалғасып жатыр, -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, былтыр «Теңіз» кен орнында өндірілген мұнай мен газ көлемі азайғанын хабарлаған болатынбыз.