Атырау облысындағы жанармай стансаларында қандай кемшіліктер бар
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы жанар-жағар май стансаларында өрт қауіпсіздігіне байланысты бірнеше кемшілік анықталып отыр. Алайда, өнеркәсіптік қауіпсіздігіне тексеру жүргізілмеген.

Атырау облысының тұрғындары Құлсары қаласындағы жанар-жағармай стансаындағы өрттен соң қауіпсіздік мәселесіне алаңдай бастады.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шараушылық басқармасына «Жанар-жағармай және газ құю стансаларының қауіпсіздігі соңғы рет қашан тексерілген?» деген сауалмен жүгінген еді.
— Атырау облысында 34 мекеме ішкі нарықты сұйытылған газбен қамтиды. Бұл мекемелер 101 бекетке иелік етеді. Облыс аумағында 125 жанар-жағармай бекеті орналасқан. Басқарма күнделікті отын бағасына, қордағы қалдыққа ғана мониторинг жүргізіліп отырады, — деп ақпарат берді басқармадан.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мұнайлы шаһарда 56 газ құю бекеті бар. Өңірдегі 7 ауданда осындай 45 бекет ашылған.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік және мемлекеттік өрт бақылау талаптарына сәйкес қолданылатын критерийлер бар.
Атырау қаласында 36 жанар-жағармай және газ құю стансасы тіркелген.
— Жанармай стансалары Қазақстанның құрылыс нормалары стандартына сәйкес жобаланып, құрылысы салынады. Стандартқа сәйкес автожанармай және газ құю стансалары мен тұрғын үйлердің ара қашықтығы 60 метр болуы тиіс, — деді Сырым Жаймағамбетов.
Оның айтуынша, 2020-2024 жылдары жанармай және газ құю стансаларының қауіпсіздігіне тексеру жүргізу мүмкін болмаған. Мұның бірнеше себебі бар.
— Жанар-жағармай стансаларының қауіпсіздігі мәселесін қозғағанда біріншіден Кәсіпкерлік кодексінің 85-2-бабы 5-тармағы басшылыққа алынады. Екіншіден, 2020-2024 жылдары мораторий жариялануына, Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы және Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы бірлескен бұйрығы бар. Осылардың негізінде жанар-жағармай стансаларының қауіпсіздігін тексеру мүмкін болмады, — дейді Сырым Жаймағамбетов.

Аталған департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің мәліметіне қарағанда, мемлекеттік өрт бақылау критерийіне сәйкес облыс аумағында 144 жанар-жағармай, 41 газ құю стансасы есепке алынған.
— Азаматтық қорғау органдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2015 жылдан бері құрылыс саласында бақылау функцияларын жүзеге асырмайды. Жобалау-сметалық құжаттаманы келісуге, жер учаскелерін құрылысқа бөлу, салынып жатқан объектілердің өртке қарсы жай-күйін тексеру және құрылысы аяқталған объектілерді қабылдау жөніндегі комиссияларға қатыспайды. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңға сәйкес объектілер құрылысының сапасын бақылау, сондай-ақ осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін, жобалық құжаттаманың сапасын қадағалауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады, — дейді Бағдат Абдуллин.
Оның дерегіне қарағанда, былтыр өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізу жоспарына 47 жанар-жағармай стансасы енгізілген.
— Бақылау мен қадағалау субъектісіне бару арқылы 24 жанар-жағармай стансасына профилактикалық тексеру жүргізілді. Ал 23 жанармай стансасына өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестігі туралы аудит жүргізіліп, қорытынды берілді. Тексеру жүргізу кезінде Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы қағидасы талаптарын сақтамауға байланысты бірнеше кемшілік анықталды, — дейді Бағдат Абдуллин.

Департамент өкілінің пікірінше, біріншіден, бастапқы өрт сөндіру құралдары жеткіліксіз болған.
Екіншіден, стансалар аумағы жанғыш қоқыстан, құрғақ шөптен, төгілген мұнай өнімдерінен тазартылмаған.
Үшіншіден, жарылыс-өрт және өрт қауіптілігі бойынша үй-жайлардың санаттарымен жарылыс немесе өрт қаупі бар аймақтар класы болмаған.
Төртіншіден, өрт қауіпсіздігі белгілері талаптарға сай емес.
Бесіншіден, автоматты өрт сигналын беру қондырғыларына техникалық күтім жұмысы жүргізілмеген.
— Биыл да жанар-жағармай стансаларына профилактикалық тексеру жүргізу жоспары жасалды. Соған сәйкес 47 жанар-жағармай стансасына тексеру жүргізу жоспарланып отыр, — деді Бағдат Абдуллин.

Еске сала кетелік бұдан бұрын Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқан еді.
Кейін Құлсарыдағы жарылыс жанар-жағармай бекетіндегі резервуарға газ құю кезінде болғаны анықталды.
Ал кеше Құлсарыда өртенген жанар-жағармай стансасы жобалау құжатынсыз жұмыс істегені әшкере болды.