Атырау облысының Мақат ауданында 9 эвакуация пункті дайындалып жатыр

Мақат
Фото: Атырау облысының жедел штабы

АТЫРАУ. KAZINFORM – 560 орны бар 9 эвакуация пунктіне су тасқынынан қауіп төнсе, Махамбет ауданының тұрғындарын көшіру жоспарланған. 

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Мақат ауданындағы эвакуациялық пункт мектептер мен спорт кешендерінде, жергілікті колледжде дайындалған.

«Мақат ауданындағы 9 эвакуациялық пункт Мақат және Доссор кентінде, Бәйгетөбе ауылында дайындалып жатыр. Қазір М.Баймұханов, Х.Санбаев атындағы орта мектептер, Мақат мұнай-газ технологиялық колледжі, Мақат аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Мақат аудандық №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қажетті төсек жабдығымен қамтамасыз етілді. Тасқын судан қауіп төнген жағдайда бұл эвакуациялық пункттерге Махамбет ауданынан тұрғындарды уақытша көшіру жоспарланып отыр», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі ауылдың арасындағы жол жырылып, қатынас уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар