Атырау облысының Мұқыр ауылында тасыған сай суы 40 үйге қауіп төндіруі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Мұқыр ауылында еріген қар суы сайға құйылып, тасып жатыр. Сайға жақын орналасқан 40 үйге қауіп төнуі мүмкін.

Атырау облысы
Фото: видеодан алынған скрин

Қызылқоға аудандық мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Азамат Қаленовтің айтуынша, Мұқыр ауылындағы сайдың екі жағында 190 үй орналасқан. 

«Бұл — Мұқырдағы №6 ауылда орналасқан сай. Бүгін, 9 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 9:00 шамасында сайға еріген қар суы толғаны туралы ақпарат түсті. Сай бойында 6 су өткізгіш құбыры салынған. Алайда, қатты қарқынмен жүріп жатқан су құбырлардан өтіп үлгере алмай, жол үстімен ағып жатыр. Сай бойымен ағып жатқан судың ені — 12 метр. Қар суы 40 үйге қауіп төндіруі мүмкін деген есеп бар. Сол себептен, Мұқыр ауылдық округі әкімінің аппараты тұрғын үйлер мен қора-жайларды қар суынан сақтап қалу үшін іске кірісіп, 15 адамды, 2 жүк көтергіш, 1 Гидромек тракторы мен 1 КамАЗ көлігін жұмылдырды», - деп хабарлады Азамат Қаленов. 

Оның айтуына қарағанда, Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елді мекеніндегі сайда да қар суы жүріп, 2 тұрғын үйге қауіп төндірген. Елді мекенге «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан 1 жүк көтергіш техинкасы жіберіліп, түнгі сағат 04:30- да тұрғын үйлердің айналасына бөгет салынған. 

Ал, Сағыз ауылындағы Ноғайты өзенінің тереңдегі шамамен — 3 метр. Қазір су деңгейі өзен арнасының табанынан 1 метрге көтерілген. 

«Қазір Сағыз ауылында 2 КамАЗ су сорып жатыр. Судан қорғау жұмыстарына 60 адам,1 жүк көтергіш, 1 Гидромек тракторы тартылды», -деді Азамат Қаленов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында Ноғайты өзенінің арнасы көтеріліп, тағы бір ауылда сай тасып жатқанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар