Атырау облысының тағы екі ауылында медициналық пункт ашылды
Атырау облысында «Ауылдық жердегі медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Соның алғашқысы Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте акушер, фельдшер, егу бөлмелері бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус орнатылып, жуыну бөлмесі ашылған. Медициналық жабдықтар арасындағы өткелдер мен дәлізге эргонометриялық параметр сызылған. Мұнда бір мезгілде 25 адамды қабылдауға болады.
«Атырау облысында Мемлекет басшысы ауылдардағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі бастамасына сәйкес 18 фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған еді. Бұл – аталған жоба аясындағы алғашқы нысан. Жақында тағы осындай үш нысан ашылады», - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Әкімнің айтуына қарағанда, ауылдарға жұмыс істеуге дәрігерлерге 5 млн теңге көлемінде бір реттік көтермеақы берілген. Енді алдағы бұл қаржыны 10 млн теңгеге дейін көтеру жоспарланған.
Ал, Қызылқоға ауданындағы Айдын елді мекенінде 25 орындық медициналық пункт қолданысқа берілді. Жаңа нысан тіркеу, егу, ем қабылдау, дәрі-дәрмекті сақтау, әйелдерді қабылдау кабинеттерімен қамтылған. Медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарына вакцина егу, алғашқы медициналық көмек түрлерін көрсетуді бастады.
«Бізге медициналық көмек алу үшін Қаракөл ауылына қатынау қиындық тудыратын еді. Әсіресе, жасы 60-тан асқан адамдарға жол жүру оңай емес. Енді ем-домды өз ауылымыздағы медициналық пункттен алатынымызға қуанып тұрмыз», - дейді елді мекен тұрғыны Айбаршын Көлбаева.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың мәліметіне сүйенсек, тұрғындарға 1 аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық пунк қызмет көрсетеді. Ауданның денсаулық сақтау саласында 482 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 46 дәрігер, 302 орта медицина қызметкері бар.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында үш медициналық пункт ашылғанын жазған едік.