Атырау облысының тұрақтандыру қорынан 1,4 мың тонна картоп сатылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтыр Атырау облысының тұрақтандыру қорына 5 мың 667 тонна көкөніс жеткізілген еді. Өнімнің 1 863 тоннасы – картоп.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның департамент директоры Қайсар Құрманалиевтің мәліметінше, осы кезге дейін 1 мың 400 тоннадан астам картоп сатылған.
– Қазір тұрақтандыру қорынан тұтынушыларға ұсынылатын картоптың бағасы – 180 теңге. Қорда ақпан айының соңына жейін жететін картоп бар. Ал көктемгі кезеңге жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен төмендетілген бағамен 680 тонна өнім алуға қосымша шарт жасалды. Шартқа сәйкес әлеуметтік маңызы бар көкөністер 2024 жылдың 1 қарашасынан осы жылдың наурызына дейін сатылады, - деп хабарлады Қайсар Құрманалиев.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері Атырау қаласындағы «Дина», «Көктем», «Сарайшық» базарына, «Лидер», «IDEAL», «Paida market» супермаркеттерінің 32 нүктесіне, 6 сауда павильонына жеткізіледі. Ал Мақат, Индер және Махамбет ауданына аптасына бір рет жіберіледі. Өнімдерді «Отбасы» шаруа қожалығы тасымалдайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының тұрақтандыру қорына 5,6 мың тонна көкөніс жеткізілгенін хабарлаған едік.