Атырау облысының Жылыой ауданында мектептердегі сабақ онлайн форматта өтеді

балабақшалар уақытша жабылды
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Су тасқынына байланысты Атырау облысының Жылыой ауданында мектептердегі сабақ онлайн форматта өтеді. Балабақшалар уақытша жабылды. 

Жылыой ауданында кеше, 4 сәуірде тасқын судан төнген қауіпке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жем өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Қарағай елді мекеніне кіру қаупі туындады. Аудан орталығы – Құлсары қаласы мен Мақат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жолдың бір бөлігін су басты.

«Төтенше жағдайға байланысты мектептер онлайн форматқа көшірілді. Ал, балабақшаларды уақытша жабуға шешім қабылданды», - деп хабарлады Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Жылыой ауданында жалпы орта білім беретін 20 мектеп бар. Білім ордаларында 18 830 оқушы дәріс алады. Сондай-ақ ауданда мектепке дейінгі тәрбие беретін 20 балабақша тіркелген. Аталған мекемелерде 5 мың бала тәрбиеленіп жатыр. 

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы әскери бөлімнің қызметшілері Жылыой ауданына көмекке келгенін жазған едік. Сондай-ақ су тасқынынан Жылыой ауданында 5 кәсіпкерлік нысан, 1 шақырым жол бүлінгенін хабарладық.

Бүгін 5 вагонды пойыз Құлсарыдан Атырауға жолаушыларды тегін тасымалдайды. 

Соңғы жаңалықтар