Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы тағайындалды
АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау облысы әкімінің өкіміне сәйкес Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы қызметіне Ринат Қапанов кірісті.
Ринат Қапанов — жоғары білімді. 2007 жылы Атырау мұнай және газ институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы жеке секторда бастап, әр жылдары өндірістік кәсіпорындарда электрик, шебер, құрылыс және техникалық қадағалау саласындағы жеке компанияларда техникалық қадағалау сарапшысы, басқарма басшысы, инженер және аға инженер болып жұмыс істеген.
2013 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы желтоқсанға дейін Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында түрлі қызмет атқарып, бас маманнан мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысына дейінгі лауазымдарда еңбек еткен.
Басқарма басшылығына тағайындалғанға дейін Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының инженерлік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
Бұған дейін Павлодар облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы тағайындалғанын жазған едік.