Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын 7 шақырым жолды су басты

паводки в Атырауской области
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Орал трассасынан Индер ауданының орталығы – Индербор кентіне баратын 7 шақырым жолды су басты.

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, 8 мамырдан бері аталған жол бөлігінің жиегіне топырақ төгіліп, бөгет тұрғызылған.

«Қазір жол екі жағынан да жабылды. Көлік қозғалысы толықтай тоқтады. Жолға 5-6 сайдан су құйылып жатыр. Осыған дейін жолдың жиегіне топырақ төгіп, бөгеген едік. Бірақ, топырақпен суды ұстап тұру өте қиын», -деп хабарлады Дарын Шамұратов.

Оның айтуына қарағанда, 1993-1994 жылдары дәл осы жолды су шайған.

«Тұрғындар тарапынан «Жол қашан ашылады?» деген сауал туындап отыр. Дәл қазір жолдың қашан ашылатынын айта алмаймыз», -деді Дарын Шамұратов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын 7 шақырым жол жабылатынын хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар