Атырау – Орал трассасының Жалғансай ауылы тұсындағы бөлігі уақытша жабылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Орал трассасының Жалғансай ауылы тұсындағы бөлігі уақытша жабылды. Бұған Жайық өзеніндегі судың көтерілгені себеп болып отыр.
Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тасжолының Махамбет ауданындағы 56-шақырымын уақытша жабуға шешім қабылданған.
«Соған байланысты автокөлік жүргізушілері үшін облыстық маңызы бар Атырау - Индер бағытындағы жол және Ортақшыл - Махамбет ауылы тұсындағы көпірдің ашық екенін хабарлаймыз. Жолды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр», - деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Қазір Махамбет ауданында Жайық өзені жағалауындағы қауіпті учаскелерде 40 бекетте тәулік бойы кезекшілік қойылған. Мәселен, Махамбет ауылында әр 300 метр сайын 27 бекет бар.
Осындай 5 бекет Талдыкөл ауылында да бар. Мұнда әр бекеттің арасы – 500 метр. Ал, Сарайшық ауылында 200 метр сайын қойылған 8 бекет кезекшілік ұйымдастырылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінен Атырау маңындағы 5 елді мекенге қауіп төнуі мүмкін екенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Жайықтың көтерілуіне байланысты Атыраудағы балалар ауылында кезекшілік қойылды.