Атыраудан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолдың 80 шақырымы ашылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жолдың 80 шақырымы пайдалануға берілді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, бұл – , «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы автомобиль жолының 753-833-шақырымы. Аталған учаскедегі қайта жаңарту жұмысы аяқталған.
Атырау қаласынан Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының шекарасына дейінгі жолдың жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Ал, 753-833 шақырым аралығындағы қайта жаңарту учаскесінде қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жол жабынның жоғары қабаты төселген.

«Жол бойында 25 байланыс жүйесі төселіп, 13 су өткізгіш құбыр төселді. Мал өтуге арналған 5 жол жасалды. Түнгі мезгілде жарық беретін 78 тірек жөнделді. Жол жанына 155 мың сызықтық метр торлы қоршау қойылып, 435 жол белгісі бекітілді. Тосқауыл қоршауының 8 мың сызықтық метрі жөнделді. Бір санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Төрт демалыс орны абаттандырылып, 26 ауыспа жол жасалды. Аталған жобаға 650 маман мен 400-ге жуық арнайы техника тартылды», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, осы кезге дейін 621-833 шақырым аралығындағы ұзындығы 212 шақырымдық учаскеде 3,4 млн текше метр жол төсемінің құрылысы аяқталған. Аталған учаскедегі 212 шақырымда негізг, ал, 146,8 шақырымда қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан жоғары қабаты төселген.
«Жаңадан салынған жол 212 шақырымда қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді. Бұрын бұл учаске арқылы жол жүру ұзақтығы 5 сағат еді. Қазір бұл жолды 2 сағатта жүріп өтуге болады. Жобаның халықаралық стандарттарға сәйкес орындалуы үшін жергілікті, сонымен бірге, Италия, Түркия және Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты», -деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін биыл Атыраудан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолды жаңғырту аяқталады хабарлаған едік.