Атырау соты депутат пен блогер дауына қатысты үкім кесті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда облыстық мәслихат депутаты мен жергілікті блогер арасында дау туындады. Сот үкімімен блогерге 100 айық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл іс № 2 қалалық сотта қаралды.
— Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен (Бұзақылық ниетпен ұрып-соғу әрекетін жасау) айып тағылған. Ол облыстық мәслихаттың депутатымен кездесіп, бұзақылық ниетпен оның кабинеттен шығуына кедергі келтірген. Ғимарат дәлізінде оны қолымен итеріп, бірнеше мәрте соққылар жасаған. Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен, бейнежазбамен дәлелін тапты, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот отырысына қатысқан прокурор сотталушыға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындауды ұсынды. Алайда сотталушы тағылған айыпты толық мойындаған жоқ. Ол қорғаушысымен бірге ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Дегенмен, сотталушының асырауында жас балалары бар. Бұл жайт сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
— Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды, — деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған едік.