Атырау соты уәдесінде тұрмаған тұрғынға 2,9 млн теңгені төлеуді міндеттеді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау тұрғыны тапсырыс берушіге Қытайдан тауар алдырып беруге уәде берген. Алайда ақшасын алғаннан кейін тауарды жеткізбеген.

Осыған байланысты тапсырыс беруші Атырау қалалық сотына жүгінді. Сотта талап қоюшының жауапкерден берешекті өндіруіне байланысты азаматтық іс қаралды.
– Талап қоюшы А. жауапкер Р. арқылы Қытайдан тауарлар алдыруға тапсырыс беріп, Kaspi.kz қосымшасы арқылы төлем жасағаны анықталды. Жауапкер тауарларды екі апта ішінде жеткізіп беретінін айтып, уәде берген. Алайда жауапкер тауар жеткізбеген, ақшаны қайтармаған. Кейін қаражыны 60 күннің ішінде қайтарып беремін деп қолхат жазып берген, - деп хабарлады қалалық соттан.
Соттан талап қоюшы жауапкерден берешекті өндіріп беруді сұраған. Істі сотта қарау кезінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өзара келісімге келген.
– Келісім шартына сәйкес жауапкер Р. талап қоюшыға берешек және сот шығындары есебінен өзара келісілген 2 млн 948 мың теңгені кестеге сәйкес төлеуді міндетіне алды. Талап қоюшы талабынан бас тартты, - деп мәлім етті соттан.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау соты депутат пен блогер дауына қатысты үкім кескенін хабарлаған едік.