Атырау студенттері «Каспий ойындары» универсиадасының жеңімпазы атанды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері VII халықаралық «Каспий ойындары» универсиадасында бірінші орын алды. Ресей Федерациясының Астрахань қаласындағы сайыста командалар жеңіл атлетика, фиджитал-футбол, самбо, жүзу, волейбол, футбол, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерінен сынға түсті.
Халықаралық ойындарға Каспий теңізінің жағалауындағы 5 ел – Қазақстаннан, Әзербайжаннан, Ресей Федерациясынан, Түркіменстан Иран Ислам Республикасынан 14 жоғары оқу орнынан 700-ден студенттері қатысты. Онда Ресейде білім алып жүрген африкалық 9 елдің студенттері де бақ сынаған.

«Бес күнге созылған спорттық сайыста Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің І курс студенті Гүлхан Шыңғысхан 1500 және 3000 метрге жүгіруден күміс, 800 метрге жүгіруден алтын медальға ие болды. Ал, ІІІ курс студенті Әлфия Мұхиденова 3 мың метрге жүгіруден қола медаль иеленді. Самбодан Нариман Мұхан, Қазбек Аңсаған және Бекбол Мұқашев бірінші Дінмұхаммед Қилымов екінші, Дінмұханбет Шаменов үшінші орын алды», - деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, І курс студенттері Жанель Әдиет пен Бекарыс Жұмалиев дойбыдан, Нұрбек Хайрошев шахматтан чемпион атанған. Университеттің ерлер арасындағы баскетболдан, фиджитал баскетбол мен футболдан, самбо, шахмат, дойбыдан бірінші орын, ал фиджитал-футбол мен волейболдан екінші орын иеленген.

«Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері VII халықаралық «Каспий ойындары» универсиадасында табысты өнер көрсетті. Универсиада ойындарының қорытындысымен атыраулық студенттер жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық оқушы Грекияда өткен ән фестивалінің бас жүлде алғанын жазған едік.