«Атырау» волейбол клубы екінші турды жеңіспен аяқтады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты екінші турының соңғы ойындары өтіп жатыр.

Бүгін алаңға алғашқы болып «Атырау» мен «Есіл» (СҚО) командалары шықты.
Осыған дейін сербиялық Деян Вуличевич жаттықтыратын атыраулықтар қатарынан екі матчта жеңіске жетсе, Алексей Терениннің шәкірттеріне де ұпай ауадай қажет еді.
Бұл ойында да «Атырау» қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 3:0 (25:22, 25:17, 25:22).
Осылайша, 13 ұпай жинаған атыраулықтар турнир кестесінде 7-орынға көтеріліп, «Есіл» (11 ұпай) 8-сатыға түсіп қалды.
«Атыраудан» Төлеби Әлімбек, «Есілден» бүгінгі бәсекеге қатыспаған команда капитаны Александр Сулейманов екінші турдың үздік ойыншысы атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Ақтөбенің» вице-чемпионды тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.