Атырау жасөспірімдері арасында құқық бұзушылық пен суицид дерегі өскен

АТЫРАУ. KAZINFORM — Былтыр Атырау облысының білім саласында 1 200-ден астам құқық бұзушылық дерегі анықталған. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен суицид дерегі артқан. 

Прокуратура
Фото: Маскат Шагырбаев / Kazinform

Атырау облысының үйлестіру кеңесінің жиынында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелері қаралды. Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың дерегіне сүйенсек, жасөспірімдер тарапынан жасалатын құқық бұзушылық дерегі 21 пайызға (100-ден 121-ге) өскен. Оның ішінде жыныстық тиіспеушілік 38,7% (31-ден 43-ке), балалар суициді 156,3% (16-дан 41-ге) артып отыр.

«Барлық меншік нысанындағы білім мекемелеріне тексеру жүргізіліп, 1 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Әсіресе, қауіпсіздік, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, білім сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, өрт қауіпсіздігі саласында кемшіліктер бар. Әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Өйткені, басты басымдықтың бірі — жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыру», - дейді Бауыржан Жұмақанов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 101 жол-көлік оқиғасынан 16 жасөспірім мерт болғанын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар