Атырауда 10 сәуірден бері түнде қыдырған 341 жасөспірім полицияға жеткізілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау полицейлері 10 сәуірден бері түнде қыдырып жүрген 341 жасөспірімді ұстады. Оның ішінде 5-еуі қылмыс, ал 24-і әкімшілік құқық бұзушылық  жасаған.

 жасөспірім
Фото: freepik.com

Атырау облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Әліпқалиевтің айтуынша, 10 сәуірде «Жасөспірім» рейдтік іс-шарасы басталған. Бұл іс-шара 6 мамырға дейін жалғасады.

– Аталған іс-шараның мақсаты – жасөспірім тарапынан болуы ықтимал құқық бұзушылықтың, кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалуы мүмкін қылмыстың алдын алу. Полиция қызметкерлері 10 сәуірден бері түнгі мезгілде көшеде жүрген 341 жасөспірімді ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде 5 жасөспірімнің қылмыс жасағаны анықталды. Ал 24 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін, 312-сі түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде жүргені үшін ұсталды, - деді Абзал Әліпқалиев.

Оның дерегіне қарағанда, кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына 4 жасөспірім орналастырылған. Ішкі істер органдарының есебіне 3 жасөспірім, 10 жайсыз отбасы алынған.

– Бұл іс-шара кезінде тек құқық бұзушылықты анықтаумен шектелмейміз. Жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатын көздедік. Өйткені әр бала – қоғамның болашағы. Сондықтан барлық жауапты органмен бірге жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғауды жалғастыра береміз, - деп мәлім етті Абзал Әліпқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері 100 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар