Атырауда 100-ден аса адамды алдаған автосалон басшылары сотталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Абырой Авто» автосалонының екі басшысы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жәбірленушілерге 1 млрд 147 млн теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттеді.

v
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырау қалалық №2 соты айыпталушыларды ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша, яғни алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен олардың әрқайсысына коммерциялық ұйымдар мен өзге де кәсіпорындар құруға, оларда басшылық етуге және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға 6 жыл мерзімге тыйым салынған. Негізгі жаза ретінде 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру тағайындалды.

- Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді. Жаза өтеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазаннан бастап есептеледі», – деді Атырау қалалық №2 сотының судьясы Эльмира Ойкулова.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Екі сотталушының уақытша ұстау изоляторында отырған әр күні жазаны өтеу кезінде 1,5 күн болып есептеледі.

Сот отырысы сегіз айға созылған. Іс бойынша 103 жәбірленуші мен 100-ден астам куәгердің жауабы тыңдалған. Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Абужановтың айтуынша, автосалон өкілдері азаматтардың сеніміне кіріп, оларға түрлі ұсыныспен шығып, олардың көліктерін сатып алуға келіскен. Кейін жәбірленушілерге көліктерін автосалонға рәсімдеп, 10 жұмыс күні ішінде ақшасын алатыны түсіндірілген. Алайда тергеу барысында көліктердің жәбірленушілердің атынан автосалон қызметкерлері немесе үшінші тұлғалардың атына рәсімделгені анықталған. Кейін көліктер басқа адамдарға сатылған.

- Жәбірленушілерге көліктерін сатып алатынын айтып, арнайы шақырған. Келісімшарт жасалған кезде көлік жәбірленушінің атынан шығарылып, автосалон қызметкерлерінің немесе үшінші тұлғалардың атына рәсімделген. Кейін автокөліктер басқа адамдарға сатылған. Бірақ жәбірленушілерге ақша да, көлік те берілмеген, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Сот материалдарына сәйкес, жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі 1 млрд 147 млн 800 мың теңге болған.

Бұл алаяқтық схема туралы бір жыл бұрын белгілі болды. Былтыр тамызда «Абырой Авто» автосалонының қызметіне байланысты 100-ден астам азамат полицияға шағым жазған. Жәбірленушілердің айтуынша, автокөліктерінің құны 7 млн-нан 30 млн теңгеге дейін болған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астана қаласында Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде құмар ойын ұйымдастырған екі адамнан заңсыз жолмен алынған 124,8 млн теңгеден астам ақша өндірілгенін жазған едік.