Атырауда 11 жыл бұрын басталған фармацевтикалық зауыт құрылысы сол күйі тоқтап тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда 2014 жылы түрлі дертке дауа түрлі дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық зауыттың құрылысы басталған еді. Содан бері 11 жыл өткенімен, аталған нысанның құрылысы аяқталған жоқ.

Атырау облысының сол кездегі әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов фармацевтикалық зауыттың жобалық құны 3 млрд 700 миллион теңгені құрайтынын айтқан еді.
Жобаны іске асыруға «Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP» ЖШС бастамашы болған.
Аталған жобаға бірнеше компания қатысқан. Бұл — «Медицина» АҚ, «Атырау» ӘКК» АҚ, «САВА Хелскейр», «Лайфлайн Фзе», «ALIM COM» компаниялары.
Зауытта 180 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделді.
Жылына 800 млн таблетка, 300 млн капсула мен 78 млн ампула түріндегі дәрі, 3 млн қораптағы жақпа май, 12 млн пластикалық құтыдағы ерітінді секілді 50-ден астам фармацевтикалық дәрі-дәрмек шығару жоспарланған.
— Дәрі-дәрмек өнімдерін шығаруға қажет шикізат Үндістан мен Қытайдан әкелінеді. Зауыт іске қосылған соң экологиялық таза әрі сапалы өнім G.M.P. стандартына сәйкес шығарылады, — деген еді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ инвестициялық жобаларды іске асыру департаментінің директоры Ерұлан Бисеновтің мәліметінше, жобаның құны — 60 млн АҚШ доллары.
Алайда қаржының мақсатсыз жұмсалуына байланысты кәсіпорынның жұмысы тоқтап, біржола жабылған.
— «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан медициналық құрал-жабдық алу үшін 1 млрд 42,6 млн теңге көлемінде займ берілді. Дегенмен 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облыстық департаменті жобаны іске асыру барысына тексеру жүргізді. Оның қорытындысы сол кезде серіктестер тарапынан бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау дерегі болғанын анықтады. Осыған байланысты іс сотқа жетіп, «Медицина» АҚ 2018 жылы корпорация есепшотына 60,4 млн теңгені аударды. Бір жылдан соң, 2019 жылы 810 млн теңгенің мүлігін қайтарып берді. Осылайша мемлекет алдындағы қарызы толық көлемде өтелді, — дейді Ерұлан Бисенов.
Оның айтуынша, жергілікті әкімдік тарапынан аталған жобаға инвестор іздеу қолға алынған. Алайда әзірге инвестор табылған жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 6 жыл бұрын басталған қалашық құрылысы әлі бітпегенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ Атырауда 9 жыл бұрын ашылған тоқыма фабрикасы да істемей тұр.