Атырауда 15 жасар қызға зәбір көрсеткен күйеуі 2,5 жылға сотталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 15 жасар қыз тұрмысқа зорлықпен шығып, күйеуінен зәбір көрген еді. Осы дерекке байланысты күдікке ілінген күйеуі 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Дәулет Тұрлыхановтың ұлына сот үкімі шықты
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform агенттігі

Өткен жылдың қыркүйегінде 15 жасар қыздың зорлықпен күйеуге шыққаны жөнінде ақпарат тарады. Сол кезде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаған еді. 

– Алайда алғашқы тергеу кезінде жәбірленуші тарап қылмыс құрамын толыққанды тергеу үшін тиісті сот-медициналық, психиатриялық сараптамаларынан өтуден бас тартты. Осылайша, кешенді тергеу әрекетін жүргізуге кедергі келтірді. Әлеуметтік желіде таралған мәліметтер бойынша тергеу жаңғыртылады. Тексеру жүргізіледі, - деп мәлім еткен болатын департаменттің баспасөз қызметінен. 

Кейін өзін Мөлдір Амандық деп таныстырған қыздың видеосы «Президентке хат» телеграм арнасында жүктелді. Оның сөзінше, оған күйеуі қысым көрсетіп, қорқытып, еркінен тыс мәлімдеме жасатып, телефонын сындырып тастаған. 

«Мен Инстаграмдағы жазбаны кетіру үшін үндеу жасаған болатынмын. Алайда мән-жайдың астарын ешкім білмейді. Міне, бүгін бар күш-жігерімді жинап, сіздерге қайтадан үндеу жасап отырмын. Не үшін? Себебі, сол жазба салынғаннан кейін күйеуімнің әкесі, органда істейтін қайын ағам келіп, алып кетті. Олар маған бәрін өздерінің айтуымен ғана істетті. Өз еркіммен ештеңені жасаған жоқпын. Комиссия келіп тексергенде де, комиссия келмес бұрын да маған «осылай сөйле» деп бұйырды. Қорқытып, мені мәжбүрледі. Әлгі сөзді өз еркіммен айтпадым. Алдап, тастап кетті. Енді менде басқа амал жоқ. Анам қатерлі ісікпен ауырған соң, жүруге шамасы жоқ, күннен күнге әлсіреп барады. Комиссия шешімін алып, прокуратурадан осы істі қайта қарауды сұрайын десек, оған маған демеу болатын әкем де, анам да шарасыз болып отыр», - деген еді Мөлдір Амандық. 

Жақында осы істің мән-жайын білу үшін облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік. 

– Аталған дерек бойынша тергелген қылмыстық іс 2024 жылдың 24 қарашасы күні сотқа жолданды. Күдікті сот шешімімен 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Ал Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған қылмыстық іс жабық күйде қаралған. 

Еске сала кетелік, былтыр Атырауда 15 жасар қызды тұрмысқа бергені туралы ақпарат тарағанын хабарлаған болатынбыз

Бұдан соң зорлыққа ұшыраған қыздың көмек сұрағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар