Атырауда 15 млн теңгені иемденді деп ұсталған келіншек емізулі баласы болғаны үшін үйқамаққа шықты

ана мен бала
Фото: Pexels

Атырау полицейлері алаяқтықпен аса ірі мөлшерде ақша иемденді деген күдікпен 1990 жылғы әйелді ұстады. Бастапқыда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін емізулі баласы бары анықталып, екі айға үйқамаққа жіберілді, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Құттыбай Садықовтың айтуынша, күдікті көбейтіп беремін деген желеумен бірнеше жәбірленушіден ақша алған.

Күдіктінің бұл әрекетінен жәбірленушілерге 15 млн теңгеге жуық материалдық шығын келген.

Сол себептен прокуратураның қолдауымен ауданаралық тергеу сотына бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш берілген.

Күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

«Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары полиция басқармасының қызметкерлері аталған азаматшаны заңсыз қамады деген ақпарат таратты. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені, полицейлер заң шеңберінде әрекет етті. Туыстары күдіктінің омыраудағы баласын басқармаға әкелді. Ішкі істер министрлігінің 2018 жылдың 5 ақпанындағы № 95 бұйрығында 3 жасқа дейінгі баланы анасынан айырмау мақсаты көзделген. Соған байланысты бала анасына берілді», -деп мәлім етті Құттыбай Садықов.

Оның мәліметіне сүйенсек, бүгін, 6 желтоқсанда тергеу сотының шешімімен күдіктінің жазасы өзгерген.

Енді күдікті әйел уақытша абақтыдан босатылып, 2 ай мерзімге үйқамаққа жіберілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін қаржы пирамидасын құрған атыраулық қария жазасын шартты түрде өтейтінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар