Атырауда 17 мекеме 86 жұмысшыға 46 млн теңгеге жуық жалақы қарыз болған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 17 мекеменің 86 жұмысшыға 46 млн теңгеге жуық жалақы қарызы бары анықталған.

Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кемел Иманғалиевтың айтуынша, еңбекақы мәселесіне байланысты арызданушылар көбейген.
«Жыл басынан бері жоспардан тыс 105 тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзған 52 дерек анықталды. Заңсыздықты жою туралы 34 ұйғарым беріліп, 48 әкімшілік хаттама толтырылды. Тексеру қорытындысымен 17 мекеменің 86 жұмыскерге 46 млн теңгеге жуық жалақы берешегі бары анықталды. Осыған байланысты тиімді шаралар қабылданып, 14 мекемеде жұмыс істейтін 68 адамға 34,2 млн теңге жалақы берешегі өтелді. Жұмысшылардың еңбек құқықтары қорғалды», - деді Кемел Иманғалиев.
Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысында жыл басынан бері еңбек заңдылығын бұзғандарға 9,8 млн теңге айыппұл салынған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 8 кәсіпорынның 75 жұмысшыға 43,2 млн теңге жалақы қарызы болғанын жазған едік.