Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда 2 айда 9 адам суға кетті: Жайықты бақылауға 5 дрон тартылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Шомылу маусымы басталғалы бері Атырау облысында 9 адам суға кетіп, көз жұмды. Оның екеуі – бала. Қауіпсіздікті күшейту үшін Жайық өзеніндегі бақылауға 5 дрон тартылып, рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.

ШҚО-да суға батып бара жатқан адамды құтқарған оқушылар марапатталды
Фото: ШҚО ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мерт болғандардың бәрі рұқсат етілмеген жерге суға түскен.

Атырау облысы әкімдігінің өткен жылдың желтоқсан айында шыққан қаулысында ресми жағажай саны 11 болуы тиіс еді. Құтқарушылар жағажайларды, су астын тексеру кезінде талаптарға сай келмегендіктен тізімнен кейбірі алынған.

- Қала аумағында «Малибу» және Жаңаталап, Еркінқала, Алмалы және Қайыршақты ауылында орналасқан ресми жағажайлар жұмыс істеп тұр. Рейдтік шаралардан тұрғындар көбіне ресми жағажайда емес, көптен бөлектеніп демалғанды дұрыс көретіндерін байқадық. Яғни, олар ресми жағажай маңында жүрсе де, 200-300 метр қашықтау жерге жайғасады,-деп пікір білдірді төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Айбек Құспанғалиев.

Шомылу маусымы басталғалы су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзған немесе орындамаған 92 азаматқа айыппұл салынған. Соның ішінде балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар да бар.

- Балаларға ескерту жасап, жіберіп қоятын болсақ, олар кері келіп суға түседі. Балалардың арасында суға түсіп білмейтін, алайда оны айтқысы келмейтін жағдайлар болады.Мұның арты қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін,-деп толықтырды Айбек Құспанғалиев.

Өңірде аптап ыстыққа байланысты рейдтік іс-шаралар күшейтілген. Бұл жұмысқа 80-ге жуық құтқарушы, полиция қызметкерлері мен еріктілер тартылған. Атырау қаласында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 5 дрон жұмыс істеуде.

Бұған дейін Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 17 адам суға кетіп көз жұмғанын жазған едік.