Атырауда 20 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен мектеп енді реновация үшін жабылады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында Ә. Жангелдин атындағы орта мектеп күрделі жөндеу үшін жабылады. Бұл мектептің ғимаратына 2004 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

Атырауда 20 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен мектеп енді реновация үшін жабылады
Фото: Kazinform

Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, аталған мектептің ғимараты 620 оқушыға арналған. Ғимарат 1960 жылы пайдалануға берілген. 

— 2025 жылдың наурыз айынан бастап реновация бағдарламасымен күрделі жөндеу және материалдық техникалық базаны қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Жобаға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 5-7 айға созылады. Жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтап, мектепті жаңа оқу жылында қайтадан ашу жоспарланды, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Аталған мектепте 772 оқушы оқиды. Осы кезге дейін бұл білім ордасында апатты деп танылған М.Ломоносов атындағы орта мектептің 500 оқушысы да дәріс алған.

— Енді күрделі жөндеуге жабылатын білім ордасының оқушылары М.Мөңкеұлы атындағы орта мектепте оқитын болды. Олар үш аусымда 40 минуттан білім алады. Ал М.Ломоносов атындағы орта мектептің 500 оқушысы М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектепке ауысады. Аталған білім ордаларында да үш ауысымда білім беру жоспарланып отыр. Мектептердің үш ауысымға ауысуына байланысты сабақ кестелері жасалып, педагогикалық кеңесте талқыланады. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Оқушылардың қауіпсіздігі назарда ұсталатын болады, - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мектептің оқушыларын тасымалдайтын автобус жеке мақсатқа пайдаланылғанын хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар