Атырауда 25 жастағы жігіт 34 ірі қараны ұрлап, иелерін 5 млн теңге шығынға батырған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 25 жастағы 14 мәрте ұрлық жасап, 34 ірі қараны жымқырған. Сөйтіп, мал иелеріне 5 млн теңге шығын келтірген.

коровы сиырлар
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, күдікті Жылыой ауданындық полиция бөлімінің қызметкерлері ұстаған. 

– Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікті ұстады. Күдікті – Құлсары қаласының 25 жастағы тұрғыны. Бұған дейін ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бастапқы тергеу барысында күдіктінің маусым-тамыз айлары аралығында Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылында 14 мәрте мал ұрлығын жасап, 34 ірі қараны жымқырғаны анықталды. Күдіктінің заңсыз әрекетінен жәбірленушілерге 5 миллион теңгеден астам шығын келтірілген, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ұсталған күдікті ұрлаған ірі қараны сату үшін әлеуметтік желіге хабарландыру жариялап отырған. Ұрланған малды сатып алған тұрғындар да анықталған. 

– Тінту жүргізу кезінде күдіктінің мобильді телефонынан ұрланған малдың фотосуреттері мен сатып алушылар арасындағы жазбалар табылды. Күдікті кінәсін мойындады. Қазір күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері қосымша дәлелдер жинау үшін телефон қоңырауларының биллингісін тексеріп жатыр. Мал ұрлығы қылмысқа басқа да адамдардың қатысының бар-жоғын тексеру қолға алынды, -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 13 адамның малын ұрлап, 6,9 млн теңге шығынға батырған атыраулық 7 жылға сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар