Атырауда 28 жер учаскесі жалға берілмек

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 555 гектардан асатын 28 жер учаскесі конкурс арқылы жалға беріледі. Жер телімдері 10 жыл мерзімге пайдалануға ұсынылып отыр.

жер учаскесі
Фото: freepik

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жариялаған мәліметіне сүйенсек,  конкурсқа шығарылған жер учаскелері ауылдық округтер аумағында орналасқан. Атап айтқанда, Кеңөзек, Еркінқала, Атырау, Дамбы және Қайыршақты ауылын қамтиды.

Жер учаскелерінің көлемі әртүрлі. Ең шағын телімнің ауданы — 3 гектар болса, ең үлкені — 147 гектар. Олардың қатарында 4,6, 5, 7, 10, 20 және 50 гектардан асатын учаскелер де бар. Кейбір аумақ егін егуге, енді бірі мал шаруашылығын дамытуға арналған. 

Жердің сапалық сипаттамасы да әртүрлі. Конкурс құжаттарында учаскелердің бонитет балы, яғни жердің сапасын, құнарлылығын бағалайтын көрсеткіш 0-ден 8,9 балға дейін көрсетілген. Сондай-ақ кейбір учаскелердің су көздеріне жақын орналасқаны жазылған. Олардың қатарында Жайық өзені, Бухарка, Соколок және Еділ-Жайық өзектері бар.

Конкурсқа жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Ол үшін үміткерлер конкурсқа қатысу туралы өтініш мен ұсыныс тапсыруы қажет.

— Конкурстық ұсыныста бизнес-жоспар болуға тиіс. Онда жоспарланған инвестиция көлемі, егіс алқаптарының ауданы, мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының болуы, саладағы білікті мамандар және құрылатын жұмыс орындарының саны көрсетілуі керек, -деп хабарлады әкімдік.

Сонымен қатар қатысушылар жерге орналастыру жобасын әзірлеу және игеру, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды. Сондай-ақ конкурс жеңімпаздары ҚР жер заңнамасын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларын сақтауға, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға және ғылыми негізделген агротехнологияларды қолдануға міндеттеме алады.

Конкурсқа қатысуға өтініш 2026 жылғы 7-28 желтоқсан аралығында қабылданады.

Бұған дейін ШҚО-да құны 180 млн теңге жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.