Атырауда 3 күн бұрын Жайыққа батып кеткен бозбала табылмай жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда 18 жасар бозбала моторлы қайықтан құлап, Жайық өзеніне батып кетті. Құтқарушылар оны 3 күннен бері іздеп жатыр.

Атырауда 3 күн бұрын Жайыққа батып кеткен бозбала табылмай жатыр
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, оқиға 3 мамырда болған. 

— Сағат 17:25–те төтенше жағдайлар департаментіне Жайық өзеніне ер адамның суға батып кеткені туралы қоңырау түсті. Департамент құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, 2007 жылғы азамат К.А.-ның өзеннің арғы бетіне өтіп бара жатқан моторлы қайықтан құлап кеткенін анықтады. Іздеу жұмысына күн сайын 12 құтқарушы, 4 жүзу құралы, 3 техника, ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды, — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мен кемесі жұмылдырылды. 

— Іздестіру жұмыстары су астына сүңгу, акваторияны шолу, өзен түбін тралдау арқылы жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін шамамен 2 шақырым аумақ қаралды. Алайда, өзенде ағыс қатты, бұл су астында көру деңгейін төмендетті. Су астындағы бөгде заттар іздестіру жұмыстарына қиындық келтіріп отыр, — деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.

Жайық өзеніне батқан бозбаланы іздестіру жұмысы жалғасып жатыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырау облысының су айдындарында 46 орында шомылуға рұқсат берілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар