Атырауда 4 айда 7 кәсіпорынға 13,7 млрд теңге айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының эколог мамандары 4 айда 7 кәсіпорынға 13,7 млрд теңгенің айыппұлын салған. Өйткені өңірдегі кәсіпорындар экологиялық талапты сақтамаған.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметіне сүйенсек, жоспардан тыс жүргізілген 7 тексеру кезінде 7 бұзушылық анықталған. Ал, рұқсат беру талабы 3 рет бұзылған.
«Департамент мамандарының тексеруінің қорытындысымен бірнеше құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Оның ішінде қауіпті қалдықтарды рұқсатсыз жинау, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын орындамау, рұқсат етілмеген шығындылар шығару, міндетті мәліметтерді ұсынбау, жер бүлдіру және экологиялық талаптарды бұзуға байланысты деректер бар. Бақылау жүргізу нәтижесімен 13 млрд 704 млн 771 мың теңгенің 45 әкімшілік айыппұлы салынды», - деп хабарлады Әлібек Бекмұхаметов.
Оның айтуынша, кәсіпорындарға салынған айыппұлдың 18 млн 555 мың теңгесі өндіріліп отыр. Бұл айыппұлды кәсіпорындар өз еркімен төлеуге ықылас танытқан.
«Қазір сотта үш әкімшілік іс қаралып жатыр. Бұл істер бойынша салынған айыппұлдың көлемі 13 млрд 686 млн теңгені құрайды», - деп мәлім етті Әлібек Бекмұхаметов.
Сондай-ақ өткен жылы салынған 1 млн 311 мың теңгенің төрт айыппұлы толық өндірілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Қашағанда» мұнай төгілгені расталса, жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін хабарлаған едік.