Атырауда 5 жасар баланың басы орындықтың арқалығына қыстырылып қалған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 5 жасар бала басын орындықтың арқалығына қыстырып алған. Оған жергілікті құтқарушылар көмекке келді.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға Атырау қаласында болған.
– 2019 жылы туған бала ойнап жүріп, басын орындықтың арқалығына қыстырып алған. Кейін қайта шығара алмаған. Ата-анасының әрекеті де нәтиже бермеген. Бұған алаңдаған ата-ана 112 қызметіне жүгініп, құтқарушылардан көмек сұрады, -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жергілікті құтқарушылар баланың қыстырылып қалған басын босату үшін «Holmatro» құралын қолданған.
– Төтенше жағдайлар қызметкерлері ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балалар соңы өкінішке ұрындырар оқыс оқиғадан қорғаған жөн, -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда шайба тағып көрмек болған бүлдіршін дәрігерден бір-ақ шыққаны хабарланған еді.