Атырауда 51 жастағы әйел емханада алған уколдан соң көз жұмды

емхана
Фото: pexels.com

Атырау қаласындағы №1 емханада укол алған 51 жастағы әйел қайтыс болған. Бұл деректі Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Kazinform.

Оқиға 14 желтоқсанда Атырау қаласындағы №1 емханада болған. Сол күні емханада шамамен сағат 9:15 шамасында 1972 жылғы әйелге укол салынған. Алайда, пациенттің жағдайы нашарлаған. Емхана дәрігерлері жедел жәрдем шақырған. 

Бірақ, сағат 9:51 шамасында пациенттің биологиялық өлімі тіркелген. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жас босанған әйелдің қазасына қатысы бар дәрігерлерге сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз. 

Атырау қаласының №2 сотында облыстық ауруханасының 6 дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Дәрігерлерге ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

«Сотталушылар А., Т. және А.-ның жазасы мен қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың отбасылық жағдайы ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен А., Т., А. ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен. 

Сотталушыларға 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, Т. және А.-ға 63-бап қолданылды. Енді олар жазасын шартты түрде өтейді. 

Ал, 3 сотталушы Е., С. және К.-ның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталды. 

 

Соңғы жаңалықтар