Атырауда 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Бизнеске жол» жобасы аясында 1396 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Оларға 554 млн теңгеден астам берешегі өтеліп отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, «Бизнеске жол» жобасы былтырдан бері іске асырылып келеді.
«Бұл жоба кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін түйткілді мәселелерді оң шешуге бағытталып отыр. Жергілікті департамент қызметкерлері бизнес саласының, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік иелерімен күнделікті кездесулер өткізіп жүрміз. Олардың қалыпты жұмыс істеуіне кімнің және қандай мәселенің кедергі келтіретінін анықтаймыз. Осындай жұмыстардың ықпалымен шешімін тапқан мәселелердің нәтижесінде 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы аясында 1396 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оларға 554 млн теңгеден астам берешегі өтелді», -деп хабарлады Нұрлан Жахин.
Оның мәліметінше, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК және облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 13 медициналық мекеменің тарапынан кәсіпкерлерге тауарлар мен қызметтер үшін тиісті қаржысын төлемеу дерегі анықталған.
«Департамент қызметкерлері осыған байланысты қажетті шараларлы қолданды. Соның нәтижесінде аталған мекемелерден 158 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 444 млн 228 мың 688 теңге төленді», -деп мәлім етті Нұрлан Жахин.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 85 лауазымды тұлғаға 14,5 млн теңге айыппұл салынды.