Атырауда абаттандыру талаптарын бұзудың 257 дерегі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің санитариялық тазалығы мен абаттандыру талаптарының сақталуына бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.
ІІМ хабарлауынша, 21-29 қыркүйек аралығында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзудың 257 дерегін анықтады. Оның ішінде 5 адам аталған құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасаған. Барлық анықталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, 23 қыркүйек күні сағат 12:30 шамасында Атырау қаласының Өркен ықшам ауданында 1979 жылы туған ер адам КамАЗ автокөлігімен шөп қалдықтарын белгіленбеген жерге төгіп, абаттандыру қағидаларын бұзған.
Тексеру барысында оның бір жыл ішінде осыған ұқсас құқықбұзушылықты қайталап жасағаны анықталды. Осыған байланысты азамат Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— Полиция азаматтарды тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаны ластамауға және қоқыс пен өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамауға шақырады. Қалдықтарды белгіленбеген орындарға төккен тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — делінген ақпаратта.
Бұған дейін Алматыда абаттандыру кезінде заң бұзған мердігерге айыппұл салынды.