Атырауда әкесі мен қызының өліміне кінәлі КамАЗ жүргізушісі 5 жылға сотталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда әкесі мен қызының өліміне себепкер болған КамАЗ жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты. Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші 5 жылға сотталды .

Жоғары соттың 4 судьясы қызметінен босатылды
Фото: Kazinform

Сот ісінің материалына сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 24 наурызда Атырау-Дамбы жолында болған. КамАЗ жүргізушісі жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, қарсы бағыттағы Ваз-21120 маркалы көлігіне соқтығысқан. Жол апатынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен кәмелетке толмаған қызы оқиға орнында көз жұмған. Ал өзге жолаушылар түрлі дене жарақатын алған. 

Жүк көлігінің жүргізушісі К.-ге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмысттық іс қозғалған. Аталған қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

«Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, өзінің жауаптарымен, сараптамалар қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, жол-көлік оқиғасының бейнежазбасымен және басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденді. Прокурор сотталушы К.-ны көлік құралын басқару құқығынан 7, бас бостандығынан 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Алайда, жәбірленушілер сотталушыға кешірім берді. Сөйтіп, К.-ны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотталушы өзіне тағылған айыпты, кінәсін мойындаған жоқ. 

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушыға қатысты бірнеше жайтқа назар аударды. Біріншіден, сотталушының отбасылық жағдайын, асырауында кәмелет жасына толмаған балаларының барын ескерді. Екіншіден, жәбірленуші тарапқа мүліктік, моральдық залалды ерікті түрде өтегенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. 

«Сот үкімімен сотталушы К. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге, бас бостандығынан 5 жыл мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік,бұған дейін Атырауда түн ортасында мопед қаққан 28 жастағы әйел ауруханада көз жұмған еді

Соңғы жаңалықтар