Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке тікұшақпен 100 тонна су төгілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағының 800 гектарын өрт шарпыды. Жалын 7 гектарда әлі бықсып жатыр.

құтқарушылар
Фото: ШҚО ТЖД

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дәурен Есқабыловтың айтуынша, қамыс өрті сай әрі сулы-батпақты аумақта тұтанған.

– Бұл өрт сөндіруді қиындатты. Қазір қамыс өртінің ошақтары оқшауланды. Өрт толық сөндірілмегендіктен, жағдайды бақылауға алдық, -дейді Дәурен Есқабылов.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рәтбек Демеубергеннің айтуына қарағанда, техника бара алмайтын аумақтағы өрт тәулік бойы бақылауға алынған.

– Қамыс өрті тұтанғаннан бері департаменттің жеке құрамы 181 гектардағы жалынды сөндірді. Ал, 617 гектардағы өрт өзі сөнді. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен қамыс өртіне әуеден 100 тонна су төгілді. Қазір 7 гектардағы өрт ошағын жою жұмысы жалғасып жатыр, -дейді Рәтбек Демеуберген.

Ал Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің пікірінше, өрт салдарынан мемлекеттік табиғи резерваттың экожүйесіне елеулі залал келген. Соған байланысты өрттің атмосфералық ауаға тигізген әсерін бағалау жұмыстары басталған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауды тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында жанған қамыс түтіні басқанын хабарладық.

Жергілікті төтеншеліктер Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпауды ескертті.

Кейін Атырауда «Ақжайық» резерватындағы қамыс өртін әлі сөндіріп жатқанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар