Атырауда алаяқтық жасаған полицейге 15 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі алаяқтық жолмен екі адамның 1,5 млн теңгесін иемденген. Сот үкімімен полиция кызметкеріне 15 млн теңге айыппұл салынды. 

полиция
Фото: Polisia.kz

Қылмыстық іс Атырау қаласындағы №2 сотында қаралды. Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Х.Н.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған. 

– Х.Н. құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, пайдакүнемдік және заңсыз материалдық баю мақсатын көздеген. Азамат М.К.-ның қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке тартылатынын, М.К. және А.К.-ның құқықтық сауатсыздығын, психологиялық жай-күйін пайдаланып, алаяқтық жолмен олардың 1 500 000 теңгесін иемденген. Ол бұл қаржыны айыппұл төлеу үшін деп жалған айтқан. Басты сот талқылауында сотталушы өзінің кінәсін толықтай мойындап, жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығына және оның жол берілетініне дау келтірмей, сот отырысында оның зерттеуін талап етпеді. Осыған байланысты сот талқылауы қысқартылған тәртіппен қаралды, - деп хабарлады соттан. 

Прокурор айыпталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Жәбірленушілер айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрін, ал айыпталушы өзіне жеңіл жаза түрін тағайындауды сұрады. 

Сот жаза тағайындамас бұрын бірнеше жайтқа назар аударды. Біріншіден, айыпталушының асырауында кәмелетке толмаған баласы бар. Екіншіден, айыпталушы  кінәсін мойындаған. Үшіншіден, жәбірленушілерге келтірілген залал мөлшерін толық өтеген. Осындай себептер жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Айыпталушының жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады. 

– Сот үкімімен Х.Н. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Параның 10 еселенген сомасы мөлшері – 15 млн теңге айыппұл жазасы тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес Х.Н. полиция капитаны арнайы шенінен айырылды, - деп мәлім етті №2 соттан. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық әйел онлайн-банкинг арқылы 80 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар