Атырауда әлдебіреулер Жайық жағасынан құм толтырылған қапшықтарды ұрлады

ұрлық
Фото: Атырау облысы ПД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Жайық жағасынан құм толтырылған қапшықтарды ұрлағандар ұсталды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 18 сәуір күні сағат 21:00 шамасында болған. 

«Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті бекітуге дайындалған құм толтырылған қапшықтарды ұрлаған күдіктілер ұсталды. Күдіктілер – 4 ер, бір әйел. Ерлердің жасы 32, 37, 38 және 42-де, ал, әйелдің 34 жаста екені анықталды. Олар алдын ала ақылдасып, құм толтырылған қапшықтарды көлікке тиеп тасыған» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір күдіктілерге қатысты жымқыру дерегімен қылмыстық іс қозғалды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы бөгет құрылысына өзге өңірлерден жеткізілген техникалар тартылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар