Атырауда ата-аналар индустриялды колледждің жабылуына қарсылық білдіріп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау индустриялды колледжін Атырау энергетика және құрылыс колледжіне қосу туралы шешім ата-аналар мен студенттердің наразылығын тудырды. 541 студент білім алып жатқан оқу орнының болашағына қатысты мәселе әзірге түпкілікті шешілмегенімен, тараптар мұндай өзгерістің себебін түсіндіруді талап етіп отыр.

в
Фото: Айнұр Сапарова

Бірнеше күннен бері Атырау индустриялды колледжінің студенттері, олардың ата-аналары мен оқу орны қызметкерлерінің мазасы қашқан. Өйткені колледж жабылып, студенттерді Атырау энергетика және құрылыс колледжіне ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тараған.

Ата-аналар мен студенттердің айтуынша, бұл жаңалық оларға күні кеше ғана белгілі болған. Техникалық және кәсіптік білімді тегін алып жатқан жастар мұндай шешіммен келіспейтінін жеткізді. Ал ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне және мұндай өзгерістің себебі түсіндірілмегеніне алаңдаулы.

– Колледждің жабылатыны туралы кеше ғана естідік. Алдын ала ескерту болған жоқ. Елде жұмысшы мамандықтарын дамыту туралы айтылып жатқанда, еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлайтын оқу орнын жабу дұрыс емес деп санаймыз. Қолдаудың орнына жастарды басқа оқу орнына ауыстырмақ. Бұл колледжде екі жаңа өндірістік цех ашылды. Сол кезде балаларымыз үшін жасалып жатқан жағдайға қуанған едік, – деп пікір білдірді оқу орны алдына жиналған ата-аналар.

Атырау индустриялды колледжі облыстық білім беру басқармасының балансында. Мұнда компьютерлік ақпараттық қамтамасыз ету операторы, электр монтаждаушы, техник-электрик, дәнекерлеуші, техник-механик, кран машинисі, техник-құрылысшы және кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері секілді мамандықтар бойынша кадр даярланады. Оқу – тегін. Сонымен қатар оқу орнында мүмкіндігі шектеулі студенттер де білім алады.

в
Фото: Айнұр Сапарова

Ата-аналардың бірі Гүлназ Нығметтің айтуынша, колледждің жабылуы студенттердің жаңа ортаға бейімделуіне қиындық тудыруы мүмкін.

– Екі балам да осы колледжде «электрик» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оқу орнының не себепті жабылатынын ешкім түсіндірген жоқ. Біз колледждің жабылғанын қаламаймыз. Балаларымыз басқа оқу орнына ауысса, студенттер арасында түсініспеушілік болуы мүмкін, – дейді ол.

Осы мәселеге байланысты облыстық білім беру басқармасы түсінік берді. Басқарманың мәліметінше, мәселе үш министрліктің бірлескен бұйрығында көрсетілген «кадрларға өңірлік қажеттілікті ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бейіндеу» тапсырмасына байланысты көтерілген.

– Осы тапсырмаға сәйкес Атырау индустриялды колледжін Атырау энергетика және құрылыс колледжіне қосу арқылы қайта ұйымдастыру жұмысы туралы хат 15 маусым күні Атырау индустриялды колледжіне жолданды. Қазіргі уақытта хат қараусыз қалды. Алдағы уақытта бұл мәселе жан-жақты талқыланып, оң шешім қабылданады, – деп мәлімдеді облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Қазір бұл колледжде 77 қызметкер еңбек етеді. Білім ордасында 541 студент оқиды. Оның 262-сі биыл оқуын аяқтап, еңбек нарығына жолдама алмақ.