Атырауда ата-аналарды алаңдатқан №20 мектептің тағдыры келер жылы не болмақ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №20 мектептің тағдырына қатысты ата-аналардың алаңдаушылығы әзірге толық сейілген жоқ. Билік білім ошағы 2026–2027 оқу жылында жабылмайтынын мәлімдегенімен, оқушы саны азайса, кейін мектепке қатысты шешім қабылдануы мүмкін.

«Келешек мектептері»: үш жылда 460 мың оқушы орны ашылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

«Автожолшылар» ықшамауданындағы №20 мектептің болашағы бірнеше айдан бері ата-аналарды алаңдатып келеді. Биыл мұнда 300-ге жуық оқушы білім алады. Былтыр олардың саны 370-ке жуық болған.

Оқушылардың азаюына «Атырау» ықшамауданында жаңадан ашылған 1200 орындық «Келешек» мектебі әсер етіп отыр. Қазір оған 850-ге жуық оқушы қабылданған, қабылдау әлі жалғасып жатыр.

- №20 жалпы орта білім беретін мектеп жабылмайды, өз қызметін дәстүрлі түрде жалғастырады. Егер мектепте балалар санының азаюы байқалса, мектепке қатысты тиісті шешім қабылданады, – деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.

Осылайша, мектеп биыл жұмысын жалғастырғанымен, оның кейінгі тағдыры оқушы санына байланысты болмақ. Бұл ата-аналардың алаңдауын толық сейілтпейді.

Айта кетейік, 1993 жылы ашылған №20 мектепке 180 орындық қосымша ғимараттың құрылысы биыл ғана аяқталған. Жаңа ғимаратта спорт және акт залдары, асхана мен пән кабинеттері қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Атырау қаласындағы құрылысы 4 жылға созылған білім ордасының жаңа оқу жылында жұмысын бастауына қатысты ата-аналар тарапынан күмән болған еді. Кейін білім беру басқармасы Көктем-2 ықшамауданында орналасқан жалпы білім беретін № 53 мектеп 1 қыркүйектен жұмысын бастауға толық дайын екенін мәлімдеді.