Атырауда аудан билігі тозығы жеткен нысанды 389 млн теңгеге сатып алмақ болған

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігі тозығы жеткен ғимаратты 389 млн теңгеге сатып алмақ болған. Жылыой ауданының прокуратурасы аудан әкімдігінің бюджет қаражатын негізсіз жоспарлау және жұмсау дерегінің жолын кесті.

Атырауда аудан билігі тозығы жеткен нысанды 389 млн теңгеге сатып алмақ болған
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Прокуратураның мәліметінше, аудандық бюджет комиссиясы 2025 жылдың соңында спорт кешенін сатып алуға 389 млн теңге бөлуді мақұлданған. Дегенмен қадағалау органы әкімдік сатып алуды жоспарлаған нысанның тозығы жеткен күйде екенін анықтаған.

— Нысанды сатып алғаннан кейін оны жөндеуге бюджеттен қосымша қаржы талап етіледі, бұл екі есе шығынға әкеп соғады.Аталған жобаны іске асыру бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау және тиімді пайдалану принциптеріне қайшы келеді. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша шешімнің күші жойылып, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді, -деп мәлімдеді облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырау әкімдігі неліктен 16 млн теңгеге ғимарат жалдап отырғанын жазған едік.